Жаңалықтар

Жаңалықтар

Baikonyr Short Film Festival жайлы қызықты 11 дерек

Baikonyr Short Film Festival жайлы қызықты 11 дерек

Baikonyr Short Film Festival жайлы қызықты 11 дерек

Үшінші Baikonyr Short Film Festival алдында «Бродвей» кинопорталы оқырмандарды жас кинематографшыларға арналған маңызды шарамен жақынырақ таныстыруды ұйғарды. Фестивальдің ұйымдастыру комитеті кішігірім кино мерекесінің қатысушылары мен қонақтарына пайдалы боларлық қызықты он бір деректі дайындап қойды.

1. Фестиваль ұйымдастырушысы 2012 жылы құрылған «Бродвей» кинопорталы болып табылады. Сайт редакциясының байқау аясындағы «Бродвей таңдауы» атты жеке номинациясы бар. Аталмыш марапатты алдыңғы жылдары Мәлік Зеңгердің «Қаттырақ ұрыңыз!», Асылхан Шәкеновтың «Бір күні кішкентай қалада» және Айша Шәймерденованың «Мен саған сенемін» қысқаметражды фильмдері иеленген.

2. Baikonyr SFF-нің бас демеушісі екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры болып отыр. Биылғы жылы кинофестивальге бас серіктестер ретінде Kinopark Theatres және Kinoplexx Cinemas қолдау білдірді.

3. Baikonyr Short Film Festival – байқауы ойнамалы, анимациялық және деректі кино сынды үш бөлімнен тұратын Қазақстандағы жалғыз фестиваль.

4. Алғашқы кинофестиваль 2016 жылы 17-18 қыркүйек күндері өткен. Көрсетілімге Оңтүстік Кореялық режиссер әрі сценарист, Венеция, Канн мен Берлин кинофестивальдерінің жеңімпазы Ким Ки Дук келіп, ашылумен құттықтап қайтқан болатын.

Ким Ки Дук I Baikonyr SFF-де
Ким Ки Дук I Baikonyr SFF-де

5. 2016 және 2017 жылдары фестиваль «Көк-Төбе» саябағында өтті. Саябақ демалыс пен көңіл-көтеруге арналған орын ғана емес, сонымен қатар әсем Алматының керемет көрінісін тамашалауға болатын ғажайып мекен. Биыл байқау алғаш рет Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында өтпек.

6. Байқау дирекциясы қатысушы фильмдердің әлемдік аренаға жолдама алуына септігін тигізіп жатады. Жарқын мысалдардың бірі - режиссер Шарипа Оразбаева. Оның «Картоп жегіштер» картинасы I Baikonyr SFF Бас жүлдесін жеңіп алып, кинофестивальдер арасындағы келісімнің арқасында «Еуразия-2016» ХКФ халықаралық байқауына өткен.

7. Фестивальдің дәстүрі бойынша, Гран-при иегері автоматты түрде келесі фестивальдің қазылар алқасының құрамына енеді. Егер былтыр қатысушылардың жұмыстарын Шарипа Оразбаева бағалаған болса, биыл қазылар алқасының құрамына режиссер әрі актер Баймұрат Жұманов енді.

II Baikonyr SFF Гран-при иегері Баймұрат Жұманов
II Baikonyr SFF Гран-при иегері Баймұрат Жұманов

8. Үшінші көрсетілімнің жеңімпаздары 13 номинация бойынша анықталады: «Гран-при»«Үздік режиссер»«Үздік оператор»«Үздік қоюшы-суретші»«Үздік сценарий»«Үздік тәжірибелік фильм», «Үздік деректі фильм», «Үздік анимациялық фильм», «Үздік актер», «Үздік актриса», «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі», «Бродвей» таңдауы», жаңасын қосқанда - «Үздік дыбыс»

9. Кинокөрсетілім мүсіншесінің тарихы терең. «Бродвей» кинопорталы алғашқы Baikonyr SFF басталмай тұрып, 2016 жылдың наурызынан мамырына дейін жалғасқан «Жаса» атты арнайы байқау өткізген болатын. Байқауға Қазақстанның түрлі қалаларынан келген 10 мүсін қатысты. Ұзақ дауыс беру нәтижесінде Орынхан Рахымбековтің «Алғашқы қадам» атты жұмысы жеңіске жетті. Мүсіншелер жыл сайын алтын жалатылған жезден жасалады.

Мүсінше авторы Орынхан Рахымбеков, фестиваль директоры Әнуар Кенжибаев
Мүсінше авторы Орынхан Рахымбеков, фестиваль директоры Әнуар Кенжибаев

10. Биыл сот коллегиясына киносыншы, FIPRESCI пен NETPAC мүшесі, Қырғызстан кинематографшылар одағының мүшесі Гүлбар Толомушова төрағалық етпек. Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамына актер, режиссер әрі продюсер Нұртас Адамбай, актриса Аружан Жазылбекова, продюсер, актриса Баян Алагөзова, Өзбекстан жас кинематографшылар кеңесінің төрағасы Ойбек Абдушукуров, дыбыс режиссері Денис Коноплев, режиссер Баймұрат Жұманов, режиссер әрі сценарист Адай Әбелдинов, дерекші-режиссер Катерина Суворова және қоюшы-суретші Яна Тюлькина шақырылды. 

11. Үшінші Baikonyr SFF-2018 қырғыз және өзбек киносы кештерін дайындады. Көрермендерге Қырғызстан мен Өзбекстан режиссерларының үздік 10 қысқаметражды фильмдері көрсетілмек.

Еске сала кетсек, биылғы жылы фестиваль 20 қыркүйек күні Kinoplexx Sary Arka-да басталып, төрт күнге созылады. Көрсетілімнің байқау бағдарламасына 47 жұмыс өтті. Оның ішінде ойнамалы кино бөліміне 27, анимациялық бөлімге 11, ал деректі бөлімге 9 картина қатысады.

 

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін