Жаңалықтар

Жаңалықтар

Дипломдық жұмыстан NoBudge-ға дейін: Батырхан Жүсіповтің «HELIOS» фильмі халықаралық аудиторияға қалай жол тартты

Дипломдық жұмыстан NoBudge-ға дейін: Батырхан Жүсіповтің «HELIOS» фильмі халықаралық аудиторияға қалай жол тартты

Дипломдық жұмыстан NoBudge-ға дейін: Батырхан Жүсіповтің «HELIOS» фильмі халықаралық аудиторияға қалай жол тартты

Қазақстандық режиссер Батырхан Жүсіповтің «HELIOS» фильмі халықаралық сапарын жалғастырып келеді. Дипломдық жұмыс ретінде басталған туынды Baiqonyr Film Festival-дағы әлемдік премьерасынан кейін Қазақстаннан тыс кинофестивальдерге қатысып, үздік сценарий жүлдесін иеленді. Енді фильм америкалық тәуелсіз NoBudge платформасында жарық көрді.

Батырхан Жүсіповтің өзі фильмнің мұндай жолдан өтетінін бастапқыда күтпеген. «HELIOS»-ты түсіріп жүрген кезде режиссер үшін ең бастысы диплом жұмысын сәтті қорғау болған, ал фильмнің одан кейінгі тағдыры екінші орында тұрды.

«Мен үшін ең бастысы дипломды сәтті қорғау болды. Қалғанының бәрі екінші орында еді. Бірақ фильмнің жүріп өткен жолы мен күткеннен де асып түсті», — дейді Батырхан Жүсіпов.

«HELIOS» фильмінің әлемдік премьерасы Baiqonyr Film Festival-да өтті. Фестивальдегі жеңістен кейін туындыны одан әрі ілгерілету жұмысы Baiqonyr Promotion аясында жалғасты.

«Baiqonyr-дағы жеңіс мен үшін өз алдына бір белес сияқты көрінді. Бірақ дәл осы жеңіс фильмді одан да биікке көтереді деп ойламаппын. Сол үшін фестивальге алғыс айтқым келеді», — дейді режиссер.

«HELIOS» NoBudge платформасына қалай шықты?

Фильмді NoBudge платформасына ұсынумен Baiqonyr Promotion кураторы Алем Даулеткулов айналысты. Оның айтуынша, платформа «HELIOS»-ты халықаралық деңгейде ілгерілету жұмысы барысында қарастырылған. Өтінім FilmFreeway арқылы жіберілді.

Шамамен бір аптадан кейін Алем Даулеткуловпен NoBudge негізін қалаушы, режиссер әрі актер Кентакер Одли байланысқан. Ол «HELIOS» фильмін ұнатқанын және оны платформада ұсынғысы келетінін айтқан.

«Фильмді жариялау үшін платформаның техникалық талаптарына сай біршама материал дайындау қажет болды. Ал шығармашылық жағынан NoBudge режиссердің көзқарасын толық қолдады: фильмге қандай да бір өзгеріс енгізу туралы талап болған жоқ», — дейді Алем Даулеткулов.

Команда «HELIOS» фильмінің онлайн-премьерасы үшін бірнеше платформаны қарастырған. Алайда куратордың айтуынша, NoBudge фильмнің табиғатына ең жақын алаң болып шықты. Платформа көп жылдан бері өзіндік қолтаңбасы бар тәуелсіз, бюджеті шағын DIY-киноға басымдық береді. Бұл эстетика мен кино жасау тәсілі «HELIOS»-қа да жақын.

«Қазақстандық қысқаметражды киноның мұндай алаңға шығуы маңызды. Бұл фильмді жаңа аудиторияға таныстыруға ғана емес, Қазақстандағы тәуелсіз киноның қалыптасқан фестивальдік ортадан тыс көрерменге де жол таба алатынын көрсетуге мүмкіндік береді», — дейді Алем Даулеткулов.

Батырхан Жүсіпов үшін де NoBudge-ға шығудың ең маңызды тұстарының бірі — фильмді шетелдік көрерменге таныстыру мүмкіндігі.

«Фильмімнің енді көрерменге қолжетімді болғанына қатты қуаныштымын. Оны шетелдік көрермен де өзі үшін ашса, тіпті жақсы. NoBudge-дың өзі де өте нишалық платформа, оның осы ерекшелігі маған ұнайды», — дейді режиссер.

Фильм платформада жарияланғаннан кейін режиссердің кәсіби өмірінде күрт өзгеріс болмаған. Дегенмен «HELIOS» жаңа аудиторияға жетіп үлгерген.

«Шынымды айтсам, фильм жарияланғаннан кейін аса бір өзгеріс болған жоқ. Тек маған әртүрлі елдерден адамдар жазыла бастады. Әрине, көп емес, есесіне боттар емес», — дейді Батырхан Жүсіпов.

«HELIOS»-тың халықаралық сапары жалғасады

Baiqonyr-дағы әлемдік премьерадан кейін «HELIOS» Алматыда өткен III Turan Film Festival халықаралық студенттік кинофестиваліне қатысты.

Фильмнің халықаралық премьерасы Якутскіде өткен I «Хоту Илин» студенттік және дебюттік қысқаметражды фильмдер халықаралық фестивалінде өтіп, «HELIOS» қазылар алқасының «Үздік сценарий» жүлдесін иеленді.

Тамызда фильм Санкт-Петербургте өтетін Ресей және жақын шетел елдерінің VII Lendoc Film Festival халықаралық кинофестивалінің студенттік фильмдер байқауына қатысады. Ал қыркүйекте Анкарада өтетін III Халықаралық философиялық кинофестивальде конкурстан тыс көрсетіледі.

Осылайша Батырхан Жүсіпов үшін әуелде дипломдық жұмыс ретінде басталған «HELIOS» Baiqonyr-дағы әлемдік премьерадан халықаралық фестивальдер мен америкалық тәуелсіз NoBudge платформасына дейін жетіп, жаңа аудиторияға жол тартып келеді.

«Фильмнің жүріп өткен жолы мен күткеннен де асып түсті», — дейді режиссер.

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін