Жаңалықтар

Жаңалықтар

XI Baiqonyr Film Festival дебюттік байқаудың қазылар алқасын таныстырды

XI Baiqonyr Film Festival дебюттік байқаудың қазылар алқасын таныстырды

XI Baiqonyr Film Festival дебюттік байқаудың қазылар алқасын таныстырды

XI Baiqonyr Film Festival дебюттік толықметражды фильмдер байқауының қазылар алқасын таныстырды. Биыл фильмдерді Қазақстан, Тәжікстан және Ресейден келген мамандар — режиссер әрі продюсер Фархат Шарипов, киносценарист Лейла Ахинжанова, журналист әрі өнертанушы Тилло Некадамов және кино сыншысы Василий Степанов бағалайды.

Қазылар алқасының төрағасы — қазақстандық режиссер, сценарист әрі продюсер Фархат Шарипов. Ол Қазақ ұлттық өнер академиясын үздік тәмамдап, Лос-Анджелестегі New York Film Academy-де тағылымдамадан өткен. 2010 жылы «Сказ о розовом зайце» драмасымен толықметражды кинода дебют жасады.

Фархат Шариповтың фильмдері бірқатар халықаралық кинофестивальде жүлдеге ие болды. «Тренинг личностного роста» фильмі Мәскеу халықаралық кинофестивалінің Гран-приін және NETPAC қазылар алқасының жүлдесін алса, «18 килогерц» Варшава халықаралық кинофестивалінің Гран-приін жеңіп алды. Ал «Схема» Берлиналенің Generation 14plus байқауында бас жүлде алды. 2025 жылы «Эвакуация» деп аталатын соғысқа қарсы драмасы Мәскеу халықаралық кинофестивалінің қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болып, 2026 жылы Macao Asian Art Film Festival-де үздік авторлық фильм атанды.

Фархат Шарипов Baiqonyr Film Festival-ге бұған дейін де қатысқан. Оның айтуынша, фестиваль жыл сайын ауқымын кеңейтіп, кино мамандарын бір ортаға жинап келеді.

«Baiqonyr кинофестивалінің қайтадан бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын. Бұл фестиваль маған бұрыннан жақын. Жыл өткен сайын оның өсіп, ауқымын кеңейтіп келе жатқаны қуантады. Жарқын премьераларды, ескі достармен кездесуді және жаңа таныстықтарды асыға күтемін. Кілт стартта! Ізгі тілекпен, Фархат», — дейді режиссер.

Қазылар алқасының құрамына Лейла Ахинжанова да енді. Ол — киносценарист, скрипт-доктор және ТМД-дағы алғашқы сертификатталған сторилайнер. ВГИК-тің сценарий факультетін тәмамдаған, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі, Еуразиялық телевизия академиясы мен Қазақстан киноакадемиясының академигі.

Лейла Ахинжанова «Фара», «Тот, кто нежнее», «Станция любви», «Абай», «Шiлде» және басқа да көркем фильмдердің сценарий авторы. Сонымен қатар қазақстандық телевизия тарихындағы маңызды жобалардың бірі — «Перекрёсток» сериалының авторларының бірі. Оның кәсіби марапаттарының қатарында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Жаңғыру» сыйлығы және «Ерен еңбегі үшін» медалі бар.

Тәжікстан атынан қазылар алқасына Тилло Некадамов енді. Ол — журналист, өнертанушы, Тәжікстан Журналистер одағы мен Жазушылар одағының мүшесі. Көп жыл бойы «Садои Мардум» парламенттік газетінде еңбек етіп, тілшіден бас редактордың бірінші орынбасарына дейінгі қызметтерді атқарған. 2022 жылдан бері «Кино» журналының бас редакторы. Тәжік киносы мен оның өкілдеріне арналған бірнеше кітап пен зерттеудің авторы.

Қазылар алқасының тағы бір мүшесі — ресейлік кино сыншысы, редактор және кино зерттеушісі Василий Степанов. Ол ұзақ жылдар бойы «Сеанс» журналында редактор және бас редактор болып жұмыс істеген. Ресейлік және халықаралық басылымдарда мақалалары жарияланған, кино туралы бірнеше кітаптың авторы әрі құрастырушысы. «Послание к человеку» халықаралық кинофестивалінің іріктеу комиссиясын басқарады.

Қазылар алқасы XI Baiqonyr Film Festival дебюттік толықметражды фильмдер байқауының жеңімпаздарын анықтайды. Нәтижелер 25 қыркүйекте өтетін фестивальдің марапаттау рәсімінде жарияланады.

Фестиваль дәстүрлі түрде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен өткізіледі.

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін