Жаңалықтар

Жаңалықтар

Алматыда II Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалінің баспасөз конференциясы болып өтті

Алматыда II Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалінің баспасөз конференциясы болып өтті

Алматыда II Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалінің баспасөз конференциясы болып өтті

«Тұран» университетінде II Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалі дирекциясының бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуі өтті. Журналистердің сұрақтарына фестиваль директоры Әнуар Кенжибаев, қазылар алқасының төрағасы Ахат Ыбыраев, қазылар алқасының мүшесі әрі актриса Гүлнар Дусматова, іріктеу комиссиясының мүшесі Ержан Жұмабеков, сондай-ақ «Байқоңырдың» демеушісі - «Елбасы» ҚР Тұңғыш Президент Қоры жобасының аға координаторы Тимур Исмаилов жауап берді.

«Биылғы жылы «Байқоңырдың» бағдарламасына «Қоюшы-суретші» және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» атты екі номинация қосылды. Тағы бір жағымды жаңалық – фестиваль қатысушыларының ең үздік фильмдері «Ел Арна» телеарнасының эфирінен көрсетілетін болады. Өткен жылғыдағыдай, жеңімпаздар алтынмен апталған ерекше мүсіншелер мен дипломдармен марапатталады»,-деп түсіндіре кетті кинофестиваль директоры Әнуар Кенжибаев.

Кинофестиваль жеңімпаздарын арнайы қазылар алқасы анықтайды, олардың құрамында сондай-ақ кинотанушы Анар Қашағанова, режиссер әрі продюсер Эля Гильман, киносыншы Ғалия Байжанова және режиссер Шарипа Оразбаева бар. Картиналарды актриса Гүлнар Дусматова да бағалайды. 

«Актерлардың жұмысын жүрекпен бағалайтын боламыз. Кинофестивальдерге қатысатын фильмдерге көбінесе кәсіби емес актерлар түсіп жатады, олардың көпшілігі көрермендерді өзінің ерекшелігімен, шынайылығымен, тазалығымен баурап алады. Сондықтан, эмоционалды тұрғыда бағалайтын боламын»,- деді актриса. 

II Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалі 15 қыркүйек күні басталады және дәстүрлі түрде Көк-Төбе демалыс саябағында өтеді. Екі күннің ішінде үлкен экраннан қазақстандық режиссерлардың 39 фильмі көрсетіледі. Байқау бағдарламасына 35 картина, ал байқаудан тыс бағдарламаға 3 фильм қатысады.

Іріктеу комиссиясының мүшесі Ержан Жұмабековтың айтуынша, қатысуға бағытталған өтініштер еліміздің әр аймағынан келіп түскен. Байқауға қатысушылардың арасында Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, ҚазҰӨУ, «Тұран» университеті, Нью-Йорк кино академиясы, «Сталкер» мен «Action» киномектептері және Әбілхан Қастеев атындағы бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінің студенттері мен түлектерінің жұмыстары бар. 

«Қатысушылардан бірнеше талаптарды күтеміз. Біріншіден, техникалық кәсібиліктің деңгейіне: оператордың, суретшінің, режиссер мен актерлардың жұмысына қараймыз. Екіншіден, әрине шығармашылық мазмұнына мән береміз, картинада қандай оқиға айтылатынын байқаймыз. «Байқоңырда» түрлі қалалар мен мектептерден келген фильмдер ұсынылады, сондықтан маған жастардың не нәрсеге қызығып қарайтындары, не туралы ойлайтындары қызық»,-деп өз ойымен бөлісті қазылар алқасының төрағасы  Ахат Ыбраев.

«Байқоңырдың» байқаудан тыс бағдарламасында «48 сағатта түсірілді» байқауына қатысқан 10 үздік кинотаспа таныстырылады. Кинокөрсетілім аясында алғаш рет «Қазақстандағы тұсаукесер» бағдарламасы ұсынылады, ол жақта кино айналымның күзгі жаңалықтары таныстырылатын болады.

Еске сала кетсек, II Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалінің ұйымдастырушысы - «Бродвей» кәсіби кинопорталы.

II Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалінің серіктестері: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент қоры, «Ел Арна» телеарнасы, RocketFirm.com ракетті фирмасы, «Тұран» университеті, Көк-Төбе, «Неделька» қалалық дәмханасы, «Давай сходим!», «Хабар» агенттігі, Major Rental компаниясы, Өнер.kz – өнертанымдық порталы, Sputnik Kazakhstan, Tengri News, PostStudio.

Шара мен көрсетілімнің толық кестесі фестивальдің baikonur.brod.kz ресми сайтында жарияланған. 

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін