XI Baiqonyr Film Festival аясында киноның қалай ұлттық кеңістікті қалыптастыратыны талқыланады
XI Baiqonyr Film Festival аясында киноның қалай ұлттық кеңістікті қалыптастыратыны талқыланады

20 қыркүйекте XI Baiqonyr Film Festival аясындағы Кинотанушылар мен киносыншылар форумында «Кинодағы кеңістік, кеңістіктегі кино» атты халықаралық панельдік сессия өтеді. Форум ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен ұйымдастырылады.
Пікірталасқа Қазақстан, Грузия, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан және Ресейден келген кинотанушылар мен кино сыншылары қатысады. Спикерлер кеңістікті кино тілінің негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырып, оның фильмнің көркемдік бейнесі мен драматургиясын қалыптастырудағы рөлін, сондай-ақ киноның мәдени, әлеуметтік және тарихи ортамен байланысын талқылайды.
Постсоветтік кеңістіктегі кинода ұлттық кеңістік бейнесінің қалай өзгергені әңгімеге негізгі арқау болмақ. Кинотанушы Вида Джонсон «Даулы территория: Ұлттық кеңістікті қайта құру» мақаласында 1970-жылдардағы советтік ұлттық республикалар киносында ұлттық кеңістік көбіне жарық әрі үйлесімді пейзаж арқылы бейнеленгенін атап өтеді. Ал Совет Одағының соңғы кезеңіне қарай бұл образ түбегейлі өзгеріп, индустриялық кеңістік барған сайын мазасыз, қираған әрі жатсынған сипат ала бастайды.
Осыған ұқсас мәселеге әлеуметтік теоретик және тарихшы Фредрик Джеймисон да «Геосаяси эстетика: Әлемдік жүйедегі кино мен кеңістік» атты еңбегінде назар аударып, соңғы советтік кинодағы кеңістікті қабылдауды «визуал патологиясы» деп сипаттайды.
Осы контекст аясында панель қатысушылары бүгінгі постсоветтік және постколониал кино ұлттық кеңістікті қалай қалыптастыратынын, онда жергілікті болмыс, тарихи жады мен әлеуметтік шындықтың қалай көрініс табатынын және киноиндустрияның жағдайы экрандағы бейнеге қалай ықпал ететінін талқылайды.
Пікірталаста фильмдердегі кеңістік бейнесімен қатар киноның өзі өмір сүретін нақты ортаға – кинотеатрлардың жағдайына, ұлттық киноиндустрияның дамуына және аймақтағы инфрақұрылымға да назар аударылады.
Спикерлер
Асия Бағдәулет — кинотанушы, кино сыншысы, Лондондағы Queen Mary University PhD дәрежесінің иегері, Қазақстан кино сыншылары қауымдастығы мен FIPRESCI мүшесі.
Лела Очиаури — грузиялық кинотанушы, өнертану докторы, профессор, грузин киносының тарихы, теориясы мен сыны бойынша маман.
Гүлбара Төлөмүшова — Қырғызстанның кинотанушысы әрі кино сыншысы, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, FIPRESCI және NETPAC мүшесі, «Умут» жас кино форумының бағдарламалық директоры.
Анна Рафальская — Беларусь кинотанушысы әрі дыбыс режиссері, экран өнерін зерттеуші және Беларусь мемлекеттік өнер академиясының оқытушысы.
Ильгар Кулиев — әзербайжандық кино сыншысы, Әзербайжан кино сыншылары мен кинотанушылары гильдиясының мүшесі, Kinoyazar.az аналитикалық басылымының редакторы әрі авторы.
Лилия Немченко — кинотанушы, философия ғылымдарының кандидаты, Орал федералдық университетінің доценті, театр және кино сыншысы, Ресейдің «НИКА» кинематография өнері академиясының академигі.
Пікірталастың модераторы: кинотанушы, PhD Молдияр Ергебеков.
Қашан және қайда өтеді?
20 қыркүйек, 11:00
«Арман» киноорталығы, Достық даңғылы, 104, Қызыл зал.
Билет құны: 1200 теңге.
Билетті Ticketon.kz сайты арқылы сатып ала аласыз.



Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз
, пікір қалдыру үшін