Жаңалықтар

Жаңалықтар

Сөзбен жеткізе алмағанды кадр арқылы қалай көрсетуге болады: Baiqonyr-да Қазақстанның жетекші кинооператорлары бас қосады

Сөзбен жеткізе алмағанды кадр арқылы қалай көрсетуге болады: Baiqonyr-да Қазақстанның жетекші кинооператорлары бас қосады

Сөзбен жеткізе алмағанды кадр арқылы қалай көрсетуге болады: Baiqonyr-да Қазақстанның жетекші кинооператорлары бас қосады

XI Baiqonyr Film Festival аясында «Сөзбен жеткізе алмағанды кадр арқыдық қалай көрсетуге болады?» тақырыбында public talk өтеді. Кездесуде заманауи операторлық өнер, киноның визуалды тілі және фильм жасаудағы кинооператордың рөлі талқыланады.

Кездесуге қазақстандық алты қоюшы-киооператор Еркінбек Птыралиев, Азиз Жамбакиев, Азамат Дулатов, Айдар Оспанов, Сабит Семетаев және Нұрсұлтан Базарбай қатысады. Модератор: кинотанушы, зерттеуші әрі оқытушы Гаухар Аспандиярқызы.

Әңгіме барысында кинооператордың камерамен жұмыс істейтін техникалық маман ғана емес, фильмнің визуалды әлемін қалыптастыратын авторлардың бірі ретіндегі орнына назар аударылады. Қатысушылар фильмнің визуалды тілі қалай қалыптасатынын, операторлық авторлық қай жерден басталатынын, режиссер мен оператор арасындағы шығармашылық диалог қалай құрылатынын талқылайды. Сондай-ақ жарық, түс, композиция, кеңістік пен камера қозғалысының драматургияға әсері, цифрлық технологиялардың мамандықты өзгертуі және қазіргі қазақ киносының визуалды эстетикасы сөз болады.

Гаухар Аспандиярқызының айтуынша, кездесудің негізгі мақсаттарының бірі – әдетте камера сыртында қалатын мамандарды көрерменмен тікелей әңгімеге шақыру.

«Кинооператорлар көбіне кадр сыртында қалады. Олар фильмнің визуалды әлемін жасайды, бірақ өздері көп жағдайда назардан тыс қалып, жұмысы туралы жиі айта бермейді. Осы панельдік сессия арқылы бұл стереотипті аз да болса бұзғымыз келеді: операторларды камера сыртынан шығарып, өз көзқарасы мен кәсіби тәжірибесімен бөлісуге, экраннан көретін бейненің шын мәнінде қалай дүниеге келетінін айтуға мүмкіндік бергіміз келеді», — дейді Гаухар Аспандиярқызы.

Кездесу спикерлерінің бірі – Америка кино өнері мен ғылымдары академиясының (AMPAS) мүшесі, қоюшы-кинооператор Еркінбек Птыралиев. Ол «Хозяева», «Жёлтая кошка», «Степной волк», «Кадет», «Тургауд» және басқа да фильмдерде жұмыс істеген. «Степной волк» фильміндегі операторлық жұмысы үшін «Тұлпар» ұлттық киножүлдесі мен «Сыншылар таңдауы» сыйлығын иеленді.

Азиз Жамбакиев Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» фильміндегі операторлық жұмысы үшін Берлин халықаралық кинофестивалінің көркемдік жетістік үшін берілетін «Күміс аю» жүлдесін алған. Оның фильмографиясында «Конокрады. Дороги времени», «Шамбала» және басқа да халықаралық жобалар бар.

Азамат Дулатов авторлық және коммерциялық кинодан бөлек, музыкалық бейнебаяндар мен жарнама саласында да жұмыс істейді. Оның операторлық жұмыстарының қатарында «Тараз», «Келинка Сабина», «Ninety One», «Жаным, ты не поверишь!», «Ұлболсын», «Қаш» және «Дәстүр» фильмдері бар. «Қаш» фильмі үшін ол Asia Pacific Screen Awards жүлдесінде үздік операторлық жұмыс аталымын жеңіп алды.

Сонымен қатар әңгімеге жиырмадан астам киножобада жұмыс істеген Айдар Оспанов, «Дос-Мукасан», «Болмаған балалық шақ» фильмдерінің операторы Сабит Семетаев және «Тимучин», «Нулевые», «№ 37», «Арамызда Стамбұл» секілді жобаларда жұмыс істеген Нұрсұлтан Базарбай қатысады.

Кездесу жеке баяндамалар форматында емес, ортақ ашық әңгіме ретінде өтеді. Спикерлер операторлық жұмыстағы түрлі тәсілдерді салыстырып, нақты кәсіби тәжірибелерімен бөліседі. Кездесудің екінші бөлігінде көрермендер де пікірталасқа қосылып, кинооператорларға тікелей сұрақ қоя алады.

Public talk 21 қыркүйекте сағат 11:00–13:00 аралығында XI Baiqonyr Film Festival аясында өтеді.

Форум дәстүрлі түрде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен өткізіледі.

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін