«Біз әлі түсірмеген хикаялар»: Андроника Мартонова XI Baiqonyr Film Festival аясында авторлық дәріс оқиды
«Біз әлі түсірмеген хикаялар»: Андроника Мартонова XI Baiqonyr Film Festival аясында авторлық дәріс оқиды

XI Baiqonyr Film Festival аясында болгариялық кинотанушы, кино сыншысы әрі зерттеуші Андроника Мартонова «Біз әлі түсірмеген хикаялар: архив, жады және киноның болашағы» атты авторлық дәріс оқиды. Архивтік зерттеулер мысалында ол құжаттар, фотосуреттер, сценарийлер, жоғалған фильмдер мен жеке адамдардың өмір тарихы киноның өткені туралы түсінігімізді қалай өзгертіп, жаңа туындыларға бастау бола алатынын әңгімелейді.
Дәрісте көтерілетін негізгі мәселелердің бірі – фильмнің өзі сақталмаған немесе оған қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда кино тарихын қалай зерттеуге болады деген сауал. Мұндай кезде зерттеушілер сценарийлерге, афишаларға, рецензияларға, хаттарға, мерзімді басылымдарға, әкімшілік құжаттарға және басқа да сақталған деректерге сүйеніп, жоғалған туындының тарихи контексі мен маңызын қайта зерделейді.
Андроника Мартонова кино тарихында еңбегі көп жағдайда назардан тыс қалған алғашқы әйел киногерлердің мұрасына да тоқталады. Олардың фильмдері жоғалып, архивтері әртүрлі қорлар мен елдерге шашырап кетуі мүмкін. Мұндай деректер зерттеушілер үшін ғана емес, киногерлер үшін де маңызды. Себебі ұмыт қалған оқиға, бейне немесе адамның өмір жолы жаңа деректі, көркем не эксперименттік фильмге арқау бола алады.
Дәрісте цифрлық архивтер мен жасанды интеллектінің кино мұрасымен жұмыс істеу тәсілдерін қалай өзгертіп жатқаны да сөз болады. Жаңа технологиялар әр жерде сақталған деректер арасындағы байланысты табуға, тарихи контексті қалпына келтіруге және архив материалдарын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.
Андроника Мартонова – болгариялық кинотанушы, кино сыншысы, куратор, профессор, PhD, Болгария ғылым академиясы Өнертану институты директорының орынбасары. Оның зерттеулері кино тарихы, визуалды мәдениет, мәдени жады және архив тақырыптарын қамтиды. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы Азия киносын зерттеп, оны Болгарияда таныту бағытында жұмыс істеп келеді. FIPRESCI, NETPAC және Болгария киногерлер одағының мүшесі, түрлі елдердегі халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасында болған.
Форум ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен өтеді.



Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз
, пікір қалдыру үшін