XI Baiqonyr Film Festival-дың жабылу салтанатында Абдулла Қарсақбаевтың «Алпамыс мектепке барады» фильмі көрсетіледі
XI Baiqonyr Film Festival-дың жабылу салтанатында Абдулла Қарсақбаевтың «Алпамыс мектепке барады» фильмі көрсетіледі

XI Baiqonyr Film Festival-дің жабылу салтанатында қонақтарға Абдулла Қарсақбаевтың «Алпамыс мектепке барады» фильмінің цифрланған нұсқасының көрсетілімі ұсынылады. Көрсетілім қазақ киносының классигінің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылады.
1977 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Алпамыс мектепке барады» картинасы XI Baiqonyr Film Festival-дың жабылу фильмі болады. Биыл фильм режиссері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдулла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толады.
Фильм бір ауылда тұратын Алпамыс пен Қалихан есімді екі кішкентай достың оқиғасын баяндайды. Жаңа оқу жылы басталғанда жеті жасар Қалихан мектепке қабылданады, ал алты жасар Алпамыстың жасы жетпей қалады.
Алайда мектеп Алпамыстың үлкен арманына айналады. Ол сынып терезесінің алдына келіп, мұғалімнің айтқанын тыңдап, оқушыларға үйреткенін өз бетінше түсініп, меңгеруге тырысады. Досының білімге деген ынтасы мен қабілетін байқаған Қалихан оған көмектесуді шешеді. Ақырында Алпамыс мақсатына жетіп, бірінші сыныпқа қабылданады.
«Алпамыс мектепке барады» — Абдулла Қарсақбаевтың қазақ балалар киносының тарихында қалған туындыларының бірі. 1977 жылы картина Ригада өткен X Бүкілодақтық кинофестивальде «Үздік балалар фильмі» аталымы бойынша бірінші жүлдені иеленді.
Фестивальдің жабылу фильмінің көрсетілімі 25 қыркүйекте «Арман» кинотеатрында өтеді. Қонақтарды қарсы алу сағат 16:00-де басталып, 17:00-де XI Baiqonyr Film Festival марапаттау рәсімі өтеді. Одан кейін көрермендерге «Алпамыс мектепке барады» фильмі ұсынылады.



Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз
, пікір қалдыру үшін