«Клубничная принцесса» фильмі IX Baiqonyr кинофестивалінің постеріне негіз болды
«Клубничная принцесса» фильмі IX Baiqonyr кинофестивалінің постеріне негіз болды

IX халықаралық Baiqonyr кинофестивалінің ресми постеріне былтыр «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алған Ілияс Антар Ахметтің «Клубничная принцесса» («Құлпынай ханшайым» фильмі негіз болды. Биыл бұл фильм Венгрия кинофестивалінде екі жүлдеге ие болды.
Постерді дизайнер Евгений Черновол жасаған, ол фестиваль тұжырымдамасына ерекше мән бере отырып, жарқын көңіл-күй мен шабыт сыйлайтын фильм атмосферасын жеткізуге тырысқан.
«Жастық шақ, ұмтылыс, армандар - бұл бәрін енді бастап жатқан жасампаздарға тән нәрсе. Биылғы фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеймін!», - деп атап өтті Черновол.
Режиссер әрі сценарист Ілияс Антар Ахметтің өзі фильмнің IX Baiqonyr кинофестивалінің постеріне негіз болғанын білгенде қуанғанын атап өтті.
«Жалпы, бұл постермен жұмыс істеу әдісі - жақсы дәстүрге айнала алады деп ойлаймын. Өз басым фестивальмен әу бастан, ол басталғаннан бері ашық, жылы қарым-қатынастамын. Сол жылы мені қазылар алқасына шақырды. Біраз уақыттан кейін фестивальге қатысушы ретінде қайта оралғаныма қуанышты болдым», – деп өз пікірін бөлісті режиссер.
Жас авторлардың шығармашылық өрлеуіне себепші болып келген Baiqonyr фестивалінде жүлде алғаннан кейін фильм Венгрияда өткен Papa International Historical Film Festival-де екі номинация бойынша үздік деп танылды.
Постерде басты рөлді сомдаушы Қамбар Нұрғалы бейнеленген, ол да Венгрияда «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін жеңіп алған. Фильмнің продюсері Бақыт Жұмаділова Baiqonyr олардың ұжымы үшін тамаша бастама болғанын атап өтті.
«Клубничная принцесса» – алматылық оқиға және туған қаламыздағы алғашқы жеңіс бізді қатты шабыттандырып, фестиваль орбитасына алып шықты. Бізге басқа елдерден ұсыныстар түсе бастады. Қазір біз үш халықаралық марапатқа ие болдық, соның ішінде «Үздік фильм» де бар. Фестивальге алғысымызды білдіреміз және қыркүйекте қайта жүздесетінімізге қуаныштымыз» — деді фильмнің продюсері Бақыт Жұмаділова.
«Клубничная принцесса» 1991 жылы Алматыда, Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңында болған оқиғаны баяндайды - видеоплеерде ересектерге арналған фильмнің кассетасы тұрып қалғандықтан қиыншылыққа тап болған Ғалым есімді баланың оқиғасы.
Еске сала кетсек, IX Baiqonyr кинофестивалі 3-8 қыркүйек аралығында Алматы қаласында, MEGA Alma-Ata сауда орталығындағы Chaplin Cinemas кинотеатрында өтеді.
Іс-шараны дәстүрлі түрде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қоры қолдап отыр.
Фестиваль жаңалықтарын baiqonyr.kz сайтынан және Instagram және Facebook - baiqonyrfilmfestival парақшаларымыздан бақылаңыз.



Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз
, пікір қалдыру үшін