«Кеңестік қалыптан тыс балалық шақ»: Гүлнара Әбікеева Абдолла Қарсақбаев киносы туралы дәріс оқиды
«Кеңестік қалыптан тыс балалық шақ»: Гүлнара Әбікеева Абдолла Қарсақбаев киносы туралы дәріс оқиды

ТМД елдері кинотанушылары мен кино сыншыларының V Алматы форумы аясында кинотанушы, кино сыншысы Гүлнара Әбікеева «Кеңестік қалыптан тыс балалық шақ: Абдолла Қарсақбаев киносы» атты дәріс оқиды. Дәріс режиссер шығармаларындағы бала бейнесі арқылы ұлттық болмыс, тарихи жады мен қоғам туралы айтылған ойларға арналады.
Абдолла Қарсақбаевтың фильмдері көбіне балалар киносы ретінде қабылданады. Бірақ режиссер үшін бала кейіпкер тек есейіп келе жатқан адамның бейнесі емес. Оның фильмдеріндегі балалар бір жағынан кеңестік ортада өмір сүрсе, екінші жағынан ауылмен, отбасымен, үлкендерден қалған тәрбие және дәстүрмен біте қайнасып өседі.
Гүлнара Әбікеева дәрісте «Алпамыс мектепке барады» фильміне арнайы тоқталады. Оның айтуынша, туындының атауының өзінде фильмнің негізгі ойына бастайтын ишара бар: мектеп — кеңестік білім жүйесінің белгісі болса, Алпамыс есімі қазақтың эпикалық жадын еске салады.
«Алпамыс мектепке барғысы келеді. Бірақ фильм бойы біз оның мектепке дейін-ақ көп нәрсені үйреніп үлгергенін көреміз. Атасы мен ауылдың үлкендері оған еңбекке, үлкенге, білімге құрметпен қарауды, қазақы тәрбие мен дүниетанымды сіңіреді. Сондықтан мектеп табалдырығын аттаған сәтте ол жай ғана алты жастағы бала емес, өз болмысын қалыптастырып үлгерген Алпамыс болып барады», — дейді Гүлнара Әбікеева.
Дәрісте «Менің атым Қожа» және «Балалықтың кермек дәмі» фильмдері де талданады. «Менің атым Қожадағы» Қожа тәртіпке мінсіз бағынатын «үлгілі оқушы» бейнесіне ұқсамайды. Ал «Балалықтың кермек дәмі» фильмінде балалардың тағдыры арқылы соғыс, халықтың тартқан қасіреті мен өткеннің ізі сөз болады.
Гүлнара Әбікеева режиссердің балалар тақырыбына жиі оралуын сол кезеңнің жағдайымен де байланыстырады. «Менің атым Қожа» жылымық тұсында түсірілсе, Қарсақбаевтың кейінгі туындылары қоғамдағы еркіндік тарылып, ұлттық мәселелерді ашық қозғау қиындай түскен жылдарға сәйкес келеді. Сондықтан режиссер кей ойларын бала тағдыры, ауыл тіршілігі мен астарлы детальдар арқылы жеткізген.
«Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады», «Балалықтың кермек дәмі» сырттай қарағанда балалар туралы фильмдер. Бірақ олардың астарында ұлттық мәдениет, халықтың жады мен кім екеніміз туралы үлкен әңгіме жатыр», — дейді Гүлнара Әбікеева.
Дәріс биыл туғанына 100 жыл толып отырған Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылық мұрасына арналған. XI Baiqonyr Film Festival аясында режиссердің мерейтойына орай арнайы жүлде табысталып, фестиваль «Алпамыс мектепке барады» фильмінің көрсетілімімен аяқталады.
Форум ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен өтеді.



Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз
, пікір қалдыру үшін