XI Baiqonyr Film Festival халықаралық байқауының қазылар алқасын Дарежан Өмірбаев басқарады
XI Baiqonyr Film Festival халықаралық байқауының қазылар алқасын Дарежан Өмірбаев басқарады

XI Baiqonyr Film Festival халықаралық байқауының қазылар алқасына режиссер, сценарист әрі кинотанушы Дарежан Өмірбаев төрағалық етеді. Байқауға қатысатын фильмдерді онымен бірге продюсер Алия Мендыгожина, сценарист әрі драматург Ефрат Шарипов және кинотанушы, кино сыншысы Дана Әмірбекова бағалайды.
Дарежан Өмірбаев — режиссер, сценарист және кинотанушы. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің қолданбалы математика факультетін, кейін ВГИК-тің кинотану және режиссура факультеттерін тәмамдаған. 1988 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясында қоюшы режиссер болып жұмыс істейді. Кино теориясына арналған мақалалардың авторы, 2004–2006 жылдары «Киноман» журналының бас редакторы болған. 2004 жылдан бері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотанушылар шеберханасын жүргізеді.
Дарежан Өмірбаев қысқаметражды киноның табиғаты толықметражды фильмдерден бөлек екенін айтады. Оның пікірінше, қысқа метражда автор коммерциялық талаптарға азырақ тәуелді болып, ең әуелі өзінің ішкі сезімі мен көзқарасын көрсетуге тырысады.
«Қысқаметражды фильмдер туралы айтқанда, мынаны түсіну керек: олардың барлығы авторлық кино болуға ұмтылады. Себебі қысқаметражды фильм ақша әкелмейді, прокатқа шықпайды. Сондықтан қысқа метраж түсіретін авторлар өзінің ең алғашқы, таза сезімдерін көрсетуге тырысады. Оның үлкен фильмдерден айырмашылығы да осында. Алғашқы импульс әрдайым таза болады. Ол алғашқы махаббат сияқты нәрсе», — дейді Дарежан Өмірбаев.
Алия Мендыгожина — кино және телевизия саласында 20 жылдық тәжірибесі бар қазақстандық продюсер. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын және ВГИК-ті «Кино және телевизия продюсері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оның продюсерлік жұмыстар қатарында Берлин халықаралық кинофестивалінде «Күміс аю» жүлдесін алған Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» фильмі, Канн кинофестивалінің Un Certain Regard бағдарламасына енген Әділхан Ержановтың «Ласковое безразличие мира» картинасы, сондай-ақ «Дала Қасқыры», «Районы», «Бизнесмены», «Папа умер в субботу» және басқа да жобалар бар. Dream Team Cinema продюсерлік компаниясының негізін қалаушылардың бірі.
Ефрат Шарипов — сценарист, драматург және оқытушы. Лос-Анджелестегі New York Film Academy-дің Filmmaking бағдарламасы бойынша магистратурасын тәмамдаған. AlmaU-дың Медиа және кино факультетінің практика профессоры, сценарий шеберлігінен сабақ береді. Оның жұмыстарының қатарында «Дос-Мұқасан», «37», «Болмаған балалық шақ» фильмдері, «Парыз», «Жел үстіндегі вальс», «4 градуса» сериалдары, сондай-ақ «Роза Бағланова» және «Alatau FM radiosy» мюзиклдері бар.
Дана Әмірбекова — кинотанушы, кино сыншысы, өнертану магистрі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы. Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының және FIPRESCI Халықаралық кино сыншылары федерациясының мүшесі. Заманауи қазақ киносы, режиссура және кино теориясын зерттейді. Ғылыми мақалалар мен кинорецензиялардың авторы, халықаралық және отандық кинофестивальдердің қазылар алқасында жұмыс істеген.
XI Baiqonyr Film Festival халықаралық қысқаметражды ойын және деректі кино байқауына 12 фильм іріктелді. Байқауға барлығы 38 елден 466 өтінім түскен.
Фестиваль ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен өтеді.



Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз
, пікір қалдыру үшін