Жаңалықтар

Жаңалықтар

Baiqonyr Film Festival жаңа Baiqonyr Screen бағдарламасын іске қосады

Baiqonyr Film Festival жаңа Baiqonyr Screen бағдарламасын іске қосады

Baiqonyr Film Festival жаңа Baiqonyr Screen бағдарламасын іске қосады

Baiqonyr Film Festival қазақстандық қысқаметражды киноны кеңірек аудиторияға танытуға бағытталған Baiqonyr Screen бағдарламасын іске қосады. Бағдарламаның негізін фестивальдің 2016–2025 жылдар аралығындағы он жылдық іріктеуінен өткен үздік қысқаметражды фильмдер каталогы құрайды.

Baiqonyr Film Festival осы жылдар ішінде ондаған жас автор мен көрермендер мен қазылар алқасының мойындауына ие болған фильмдерді таныстырды. Алайда фестиваль аяқталғаннан кейін бұл туындылардың көбі кең аудиторияға жете бермейді. Baiqonyr Screen осы фильмдерді фестиваль шеңберінен шығарып, жаңа көрерменге ұсынуды көздейді.

Baiqonyr Screen каталогына фестивальдің кәсіби іріктеуінен өткен фильмдер ғана енеді. Оларды кинотеатрлар мен киноклубтарда, университеттер мен кино мектептерінде, телеарналарда, стриминг сервистері мен онлайн-кинотеатрларда көрсетуге болады. Сондай-ақ фильмдерді ұшақ, пойыз және автобустардағы сапар кезінде, халықаралық мәдени іс-шараларда, елшіліктер мен мәдени өкілдіктерде Қазақстанда және шетелде көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Baiqonyr Film Festival негізін қалаушы Ануар Кенжебаевтың айтуынша, бағдарламаны құру идеясы фестивальдің көпжылдық тәжірибесінен туындаған.

«Фильмнің ғұмыры фестивальмен бірге аяқталмауы керек. Baiqonyr Screen арқылы біз жылдар бойы фестивальде көрсетілген үздік қысқаметражды фильмдерді қайтадан көрерменге ұсынғымыз келеді. Сонымен қатар осы миссиямызды бірге жүзеге асыруға ниетті серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді де айтқым келеді», — деді Ануар Кенжебаев.

Baiqonyr Screen серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге де мүмкіндік береді. Каталогтағы фильмдер негізінде белгілі бір алаңның немесе ұйымның сұранысына сай арнайы тақырыптық бағдарламалар құруға болады. Жобаға телеарналар, стриминг платформалары, білім беру мекемелері, мәдени орталықтар, фестивальдер мен халықаралық ұйымдар серіктес бола алады.

Baiqonyr Screen контенті тегін таратылады: фестиваль фильмдерді сатпайды және каталогқа қол жеткізгені үшін ақы алмайды. Мәдени-ағартушылық бағыттағы бағдарлама қазақстандық қысқаметражды фильмдердің фестивальден кейін де өз көрерменін тауып, жаңа аудиторияға жетуіне мүмкіндік беруді көздейді.

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін