Жаңалықтар

Жаңалықтар

Baiqonyr Film Festival Ұлттық байқаудың қазылар алқасын таныстырды

Baiqonyr Film Festival Ұлттық байқаудың қазылар алқасын таныстырды

Baiqonyr Film Festival Ұлттық байқаудың қазылар алқасын таныстырды

XI Baiqonyr Film Festival қысқаметражды ойын және деректі фильмдер бойынша Ұлттық байқаудың қазылар алқасын таныстырды. Фестиваль дәстүріне сай қазақстандық режиссерлардың туындыларын халықаралық мамандар бағалайды. Биыл қазылар алқасының құрамына Армения, Қырғызстан, Грузия және Беларусь өкілдері енді.

Қазылар алқасына Эдгар Багдасарян (Армения) төрағалық етеді. Ол – режиссер, сценарист және продюсер, заманауи армян киносының белгілі өкілдерінің бірі. Оның көркем және деректі фильмдері Еуропа, АҚШ пен Азиядағы халықаралық кинофестивальдерге қатысып, түрлі жүлдеге ие болған. «Долгая ночь» фильмі Армения атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылса, «Яша и Леонид Брежнев» картинасы Армения ұлттық киноакадемиясының бес жүлдесін, соның ішінде үздік режиссура мен сценарий үшін марапаттарды иеленген.

Эдгар Багдасарян үшін Baiqonyr фестивалі ерекше мәнге ие. Бұған дейін оның екі шәкірті фестивальдің Гран-при жүлдесін алған.

«Шәкірттердің ұстазының соңынан емес, ұстаздың шәкірттерінің ізімен келуі жиі бола бермейді. Менің екі шәкіртім бұған дейін Baiqonyr фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды, енді солардың арқасында мен де осындамын. Baiqonyr жас кинематографистер үшін алғашқы сахнаға айналып, олардың шығармашылық жолының қалыптасуында өте маңызды жұмыс атқарып келеді», — дейді Эдгар Багдасарян.

Қазылар алқасының құрамына Гульмира Керимова (Қырғызстан) да енді. Ол – кинопродюсер, Қырғызстан кинематографистер одағы басқармасының мүшесі, UmutDoc халықаралық деректі фильмдер фестивалі мен «Умут» кино форумының негізін қалаушылардың бірі. Оның фильмографиясында 15-тен астам толықметражды фильм мен деректі жоба бар. 2013 жылдан бері жас киноны дамыту және кино білімін қолдау бағытында жұмыс істейді.

Сонымен қатар қазылар алқасының құрамында Лела Очиаури (Грузия) да бар. Ол — кино және театр сыншысы, өнертану докторы, Шота Руставели атындағы Грузия мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры. Кино сыны және кино теориясы кафедрасын басқарады, Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының (AICT), Грузия киноакадемиясы мен Грузия театр қоғамының мүшесі. Грузин киносы, театр және заманауи мәдени үдерістер туралы ғылыми мақалалар мен зерттеулердің авторы.

Анна Рафальская (Беларусь) — кинотанушы, дыбыс режиссері және экран өнерін зерттеуші, Беларусь мемлекеттік өнер академиясының аға оқытушысы. Ол академияны «дыбыс режиссурасы» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін өнертану бағытында магистратурада білім алған. 2026 жылы Беларусь деректі киносындағы дыбыстық драматургияға арналған диссертациялық зерттеуін қорғады. 20 ғылыми жарияланымның авторы.

Халықаралық қазылар алқасы XI Baiqonyr Film Festival қысқаметражды ойын және деректі фильмдер бойынша Ұлттық байқаудың жеңімпаздарын анықтайды.

Фестиваль дәстүрлі түрде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен өткізіледі.

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін