Жаңалықтар

Жаңалықтар

Baiqonyr Film Festival халықаралық NETPAC қазылар алқасының құрамын жариялады

Baiqonyr Film Festival халықаралық NETPAC қазылар алқасының құрамын жариялады

Baiqonyr Film Festival халықаралық NETPAC қазылар алқасының құрамын жариялады

Baiqonyr Film Festival халықаралық NETPAC қазылар алқасының құрамын таныстырды. Оның құрамына Болгария, Қазақстан және Әзербайжанның кинотанушылары мен кино сыншылары енді. 2025 жылы өткен оныншы фестивальден бастап Baiqonyr Азия киносын ілгерілетуге бағытталған NETPAC халықаралық желісінің аккредитациясынан өткен кинофестивальдер қатарына қосылды.

Қазылар алқасына Андроника Мартонова (Болгария) төрағалық етеді. Ол – кинотанушы, кино сыншысы, Азия киносын зерттеуші, Болгария ғылым академиясы Өнертану институты директорының орынбасары әрі профессоры, PhD, NETPAC және FIPRESCI мүшесі. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Азия киносын зерттеп, насихаттап, кинобағдарламаларға кураторлық етіп келеді, сондай-ақ халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасына қатысқан.

Андроника Мартонованың айтуынша, дебюттік және қысқаметражды кино фестивальдері жаңа авторлық дауыстарды танытып, жас режиссерлердің кәсіби жолында маңызды рөл атқарады.

«Дебют – режиссердің алғашқы жұмысы ғана емес. Дәл осы кезеңде оның өзіндік кино тілі, дүниеге көзқарасы мен болашақ кәсіби жолы қалыптаса бастайды. Қазылар алқасы үшін мұндай фильмдерді бағалау – ерекше жауапкершілік. Сондықтан біздің міндетіміз – шеберлікті ғана емес, автордың әлеуетін де көре білу», — дейді Андроника Мартонова.

Қазылар алқасының құрамында кино саласының өзге де майталмандары бар.

Оның ішінде Әсия Бақдәулет (Қазақстан) – кинотанушы, кино сыншысы, Лондондағы Queen Mary University университетінің PhD докторы, Қазақстан киносыншылары қауымдастығы мен FIPRESCI мүшесі.

Ильгар Кулиев (Әзербайжан) – кино сыншысы, кинотанушы және режиссер, Әзербайжан кино сыншылары мен кинотанушылары гильдиясының мүшесі, кино туралы Kinoyazar.az аналитикалық сайтының редакторы әрі авторларының бірі. 2023 жылы Калькутта халықаралық кинофестивалінде NETPAC қазылар алқасының мүшесі болды. 2025 жылы «Замок» толықметражды көркем фильмін түсірді.

NETPAC (Network for the Promotion of Asian Cinema) – Азия киносы саласындағы мамандарды біріктіретін халықаралық желі. Ұйым Азия мен әлемдегі кинофестивальдермен ынтымақтасып, Азия кинематографының дамуына үлес қосқан фильмдерге арнайы жүлде табыстайды. 2025 жылы өткен оныншы фестивальден бастап Baiqonyr Film Festival NETPAC аккредитациясынан өткен халықаралық кинофестивальдердің қатарына енді.

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін