Жаңалықтар

Жаңалықтар

Baiqonyr Film Festival ресми түрде NETPAC аккредитациясын алды

Baiqonyr Film Festival ресми түрде NETPAC аккредитациясын алды

Baiqonyr Film Festival ресми түрде NETPAC аккредитациясын алды

Халықаралық Baiqonyr дебюттік және қысқаметражды кино фестивалі он жыл мерейтойы қарсаңында Азия фильмдерін әлемдік деңгейде ілгерілетіп жүрген халықаралық NETPAC (Network for the Promotion of Asian Cinema) ұйымынан аккредитация алды. Оның ашылуы Азия фильмдеріне қызығушылықтың артып, оны әлем бойынша ілгерілету қажет екенін көрсеткен.

NETPAC биылдан бастап фестивальдің ресми серіктесі атанып отыр, сондай-ақ Baiqonyr аясында енді арнайы NETPAC Award жүлдесі де берілетін болады.

NETPAC (Азия фильмдерін ілгерілету бойынша желі) – Азиядағы фильмдерді дамыту және ілгерілетумен айналысатын киносыншы, кинотанушы, кураторлар, фестиваль іріктеушілері мен продюсерлерді біріктіретін ұйым. Ұйым ірі кинофорумдарда арнайы сыйлықтар тағайындайды.

Бұл Baiqonyr фестивалінің халықаралық аренадағы мәртебесін нығайтатын маңызды қадам. Фестивальға NETPAC ұйымының қатысуы байқау бағдарламасына іріктелген қазақстандық және азиялық фильмдердің халықаралық назарға ілігетінін білдіреді. NETPAC Award лауреаттары беделді марапат алып қана қоймай, халықаралық дистрибьюторлар мен ірі фестивальдардың кураторларының назарына ілігеді.

Гүлнара Әбікеева, киносыншы, өнертану ғылымдарының докторы, NETPAC мүшесі:

«Биыл “BAIQONYR” кино фестивалінің құрамында алғаш рет NETPAC - Network of Promotion of Asian Cinema қазылар алқасы болады. Бұл қазылар алқасы әлемдегі 35-тен аса кино фестивальде баға береді, азиялық киноны ілгерілетуге көмектеседі. NETPAC ұйымын осыдан 35 жыл бұрын үнді киносыншысы Арюна Васудев ашқан. 20 жылдан астап уақыт Cinemaya журналы шығып отырды, кейін NETPAC кинофестивальдарда қазылар алқасын жинақтай бастады. Биыл “BAIQONYR” он жасқа толады. Бұл дәл қазіргі уақытта Қазақстандағы ең тұрақты кино фестиваль, ал NETPAC қазылар алқасының қатысуы тәуелсіз фестиваль қозғалысына халықаралық қолдау деп білемін».

Ұйымның қазақстандық өкілдері қатарында Франциядағы Қазақ киносы фестивалінің негізін қалаушы әрі директоры Андрей Иванов та бар. Ол 2024 жылы 81 Венеция кино фестивалінде NETPAC қазылар алқасы құрамында болған.

Baiqonyr бағдарламасында NETPAC ұйымының болуы фестивальдің азиялық киноның жаһандық қауымдастығына кіруін көрсетеді.

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін