Жаңалықтар

Жаңалықтар

Baikonyr SFF: кинофестиваль қатысушыларының қазіргі жағдайы қалай?

Baikonyr SFF: кинофестиваль қатысушыларының қазіргі жағдайы қалай?

Baikonyr SFF: кинофестиваль қатысушыларының қазіргі жағдайы қалай?

2018 жылдың 20 қыркүйегінде Baikonyr Short Film Festival өз есігін айқара ашпақ. Үшінші қысқаметражды кинофестиваль өздерін кино өнерде сынап жүрген шығармашылық жандарды қайта тоғыстырмақ. Фильмдер көрсетілімі 2016 жылдан бері «Бродвей» кинопорталымен өткізіліп келеді. Baikonyr SFF бас демеушісі – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, бас серіктесі – Kinopark Theatres және Kinoplexx Cinemas.

Жыл сайын жас кинематографшыларды бір ғана сұрақ алаңдатады: «Оларды фестивальден кейін не күтеді?». Жауабымыз дайын: «Қатысушыларды алда үлкен жетістіктер мен әлемдік алаңқайлар күтеді!». Қазақстандық көрерменнен халықаралық деңгейге дейінгі жол оңай емес, бірақ ол орындалады. Оған дәлеліміз де бар.

«Картоп жегіштер» қысқаметражды фильмінен көрініс
«Картоп жегіштер» қысқаметражды фильмінен көрініс

Бірінші Baikonyr Short Film Festival-дің Бас жүлдесін иеленген Шарипа Оразбаеваның «Картоп жегіштері» бір ғана алаңқаймен шектелген жоқ. Кинофестивальдер арасындағы келісімге сай, картина «Еуразия-2016» ХКФ халықаралық байқауына қатысты. Режиссердің өзі «Eurasia-2017» жобалар питчингіне қатысып, Бас жүлдені қанжығасына байлады, яғни Talent Project Market – Берлин кинофестивалі кинонарығына қатысуға жолдама ұтып алды. Сондай-ақ, биылғы жылы Шарипа Оразбаева «Сілеусін» жобасын Армениядағы «Алтын өрік» ХКФ-де таныстырды.

I Baikonyr SFF «Үздік режиссер» аталымының жүлдегері Дархан Төлегенов «Маршрут» картинасымен әрі қарай Saryarka short film festival жастар кинофестивалінде бақ сынады. Көрсетілімде фильм актері Дулыға Ақмолда «Үздік ер адам рөлі» аталымын жеңіп алды. 2017 жылы картина Канндағы Short Film Corner арнайы алаңқайында таныстырылды. Сол жылы режиссер Дархан Төлегенов Иранда Халықаралық «Фаджр» кинофестивалінің Talent campus бағдарламасына қатысты.

«Еркек» қысқаметражды фильмінен көрініс
«Еркек» қысқаметражды фильмінен көрініс

Берік Жахановтың «Еркек» қысқа метрі («Үздік актер» аталымының жеңімпазы, актер Нұрғали Нұғыман) Беларусияның «Kinoport» және Ресейдің «Киносынама» кинофестивальдерінде болып қайтты. ТМД, Грузия мен Балтия елдеріне арналған «Қырғызстан – қысқаметражды фильмдер елі» фестивалінде таспа үздік режиссура үшін жүлде алып қайтты. Актер Нұрғали Нұғыманның өзі Алмагүл Тілеуханованың «Өзгеге жұмбақ әлемім» жобасына шақырылды.

Мадина Беспаеваның «Қуанышты жаңалық» қатысушы фильмі Тәжікстандағы Халықаралық «Навсоз» кинофестиваліне ұсынылды. Және бекер емес. Қазақстандық таспа «Үздік режиссура» аталымын жеңіп алды.

Екінші Baikonyr SFF-дің «Үздік деректі фильмі», Жайық Белқожаевтің «Мен оралдым» жобасы Қырғызстандағы «ҮМІТ» ТМД елдері жастар киносы форумына жіберілді. Байқауда таспа «Үздік деректі фильм» жүлдесін иеленді. Сонымен қатар, картина ресейлік «Бірге жеңдік» фестивалінде «Киномектептер байқауы» категориясына қатысып, үздік режиссурасы үшін көзге түсті.

«Куб» қысқаметражды фильмінен көрініс
«Куб» қысқаметражды фильмінен көрініс

Екінші Baikonyr SFF-нің келесі қатысушысы – Рақымжан Қалдыкөздің «Шыңырау» фильмі («Үздік актриса» категориясының жеңімпазы) де «ҮМІТ» ТМД елдері жастар киносы форумына (Қырғызстан) ұсынылды. Биылғы жылы таспа Түркиядағы Alemlere Rahmet ХКФ-не қатысып, екінші орын алып қайтты.

Максим Қодаровтың «Куб» картинасы, «Үздік көркем қойылым» аталымының жүлдегері Baikonyr SFF-тен кейін мүсіншелерді жинауды жалғастырды. Кинотаспаның көптеген жүлделерінің арасында Санкт-Петербургте өткен Халықаралық Pure-2017 тәуелсіз, тәжірибелік әрі кондицияға сәйкес емес кинофестивалінің Бас жүлдесі және Павлодарда өткен Еrtis cinema-2018 қысқаметражды кино және деректі фильмдер фестивалінде үздік операторлық жұмыс үшін алған жүлдесі бар. Сонымен қатар, картина 2017 жылы Токиода ұйымдастырылған Short Shorts Film Festival&Asia азиаттық ірі кинокөрсетілімнің байқауына енген болатын.

Асылхан Шәкеновтің (Baikonyr SFF-2017 «Бродвей» таңдауы») «Бір күні кішкентай қалада» таспасы «Үміт» ТМД елдері жастар киносы V форумында үздік ойнамалы фильм атанды. Картина Zhaik film fest-те де өз-өзін көрсетіп, «Үздік ер адам рөлі» аталымын және Бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты.

«6 пәтер» қысқаметражды фильмінен көрініс
«6 пәтер» қысқаметражды фильмінен көрініс

Былтырғы «Үздік сценарий» жүлдесінің иегері – Олжас Ахметовтың «6 пәтері» «Үздік қысқаметражды фильм» ретінде «Сыншылар таңдауы – 2017» ұлттық жүлдесіне ұсынылды. Режиссер Олжас Ахметов жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, алға жылжыды. Қоюшы «Бөлінбейтін» атты толық метр түсірді, оған Қазақстанның белгілі актерлары Берік Айтжанов, Әзиз Бейшеналиев, Шыңғыс Қапин және Асан Мәжит түсті.

Айта кету керек, басынан бастап фестивальдің жалғыз мақсаты – жас кинематографшыларды қолдау және қазақстандық киноөндірістің дамуына үлес қосу. Екі жылдық жұмысты қорытындылай келе, Baikonyr Short Film Festival-дің жас кинематографшылардың өнерін ашуға бағытталған және шығармашылыққа арналған жалғыз алаңқай екенін сенімді түрде айтуға болады, өйткені дарынды режиссерлар қысқа метр арқылы өз жолдарын бастап жатады емес пе?!

Естеріңізге саламыз, Baikonyr SFF қатысуға өтінішті биылғы жылдың 30 тамызына дейін baikonyr.brod.kz сайты арқылы беруге болады.

 

Превью: Николай Постников

 

 

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін